Тиімді пайдаланған жердің ырысы мол. Бұл – солтүстікқазақстандық кәсіпкер Еркебұлан Мәмбетовтың пікірі.
20 жылға жуық ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан білікті маман: «Бос жатқан жерді игеремін деген азаматтарға жалға беріп, кәдеге жарату қажет», – деп есептейді.
Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.
Еркебұлан Мәмбетов – Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі шаруа қожалығын басқарып отырған азаматтардың бірі. Егіншілікпен айналысып келе жатқанына 20 жылға жуықтапты. Жердің бабын тапқан білікті маман бүгінде оның игілігін көріп отыр. Нәтижесінде ауылда мал фермасын ашты. Бастысы бос жатқан жер жоқ.
Еркебұлан Мәмбетов, шаруа қожалығының бас директоры
-Біраз игерілмеген жер бар ғой. Ол – біздің байлағымыз. Ол ешкімге пайда әкеліп жатқан жоқ. Жай тұрған жерлерді де жалға берсек, олар өздеріне де пайда, Үкіметке де пайда әкеледі. Салық ретінде. Халықты да жұмыспен қамтиды. Ешкімге де ол сатылмайды. Мен ойлаймын, осы жер жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың қолында болуы тиіс.
Бүгінде серіктестіктің 30 мың гектарға жуық жері бар. Сондықтан қар еріп, күн жылынысымен дала басында жұмыс қыза түскен. Яғни қазір алқаптарда ылғал жабу процесі басталды. 40 жылдан астам уақыт бойы агроном болып қызмет атқарып келе жатқан Батырхан Сауытбаев: «Жақсы өнім алу үшін жерді бірнеше жыл күтіп, баптау керек», – дейді.
Батыржан Сауытбаев, шаруа қожалығының бас агрономы
-Жермен айналысу – оңай жұмыс емес. Ең алдымен жақсы өнім алу үшін оған жақсы ақша салу керек. Ылғалын жабу керек. Уақытында егінді себу керек. Уақытында жинауы тағы бар. Қазір енді шығып жатыр ғой. Жұмысты істесең ғана саған Жер-Ана пайда береді. Өнімін көп аласың. Бала сияқты күтім керек.
Самат Қайырденұлы, тілші
-Негізінен Солтүстік Қазақстан облысының жері құнарлы. Өйткені топырақтың балл бонитеті жоғары. Сондықтан алқаптарды ала жаздай баптау керек. Ал аталмыш шаруашылықта бұл жұмыстар оң жолға қойылған.
Шаруашылықтың ісі өрге домалаған сайын ауылдағы ағайынның тұрмысы да жақсара түскен. Бүгінде елді мекенде әлеуметтік мәселе толғымен шешімін тапты. Тіпті үй-үйге таза ауызсу да тартылыпты.
Әскер Дәулетов, Меңгесер ауылының тұрғыны
-Жерімізді Еркебұланға бердік. Содан бері игілігін көріп жатырмыз. Бізге көмегі бар. Мәдениет үйі бар. Асхана бар. Мектеп бар. Бәрі еңбектің арқасы ғой. Бастығымыздың арқасы.
Бүгінде Меңгесер ауылында 250-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Көшіп жатқандар жоқ. Ал шаруашылық болса, болашақта сүт тауарлы фермасын құруды жоспарлап отыр. Бұл – тағы бірнеше жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Дмитрий Рура