Президенттің саясатына көз салсаң, бір ұстанымға беріктігі көрінеді. Елбасы өзгеріс желі соққанда қорған емес, желкен тұрғызады. Яғни қазіргі толқынның қауіптілігіне қарамастан, «біз мінген кеме тек алға жүзуі керек» дейді. Оның стратегиясы сызылған, жоспары жүйеленген, бағдары белгіленген. Бірақ «кемедегінің жаны бір» деген де ақиқаттың барын айтады. Демек «жүрістің жылдамдауы – ескек ұстаған әр азаматтың есебінен» деген сөз. Ал елімізде 18 миллион адам бар. Әрқайсысында бір ескек. Кім қалай еседі? Мәселе сонда. Нұрсұлтан Назарбаевтың «бұл ұстанымды өзімізге ғана емес, күллі әлемге ортақ етсем» деген ниеті бар. «Үшінші мыңжылдықтың ықтимал жауын ықтырудың амалы – ықпалдасу» деп жүргені де сондықтан. Алайда интеграция деген ойын да, саясат та емес, ол – өмір. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақ – ел экономикасын еселеудің жолы болса, ал Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы – қоғам тыныштығын қамтамасыз етудің тетігі. Соңғы аталған ұйымның осы аптада отырысы өтті. Минскіде ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары бас қосты. Бұл жолғы сессия «мерейтойлық» мәртебеге ие. Биыл «Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарттың» бекітілгеніне 25 жыл. Президенттер ширек ғасырлық жұмысты бір шолып өтіп, алдағы жоспарды айқындады. Бұл күндері Александр Лукашенконың резиденциясы мәртебелі меймандарға толды. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы кеңесінің сессиясы – кезекті бас қосу емес, мерейтойлық жиын. Сондықтан Беларусь елі бұл шараға тыңғылықты дайындалған. Нұрсұлтан Назарбаев – сарайға табан тіреген алғашқы мейман. Александр Лукашенко әріптестерін ерекше ықыласпен қарсы алды. Елбасының ізін ала алты елдің көшбасшылары түгел жиналды. Жоғары деңгейдегі жиындар көпжақты байланыстарды бекемдеп қана қоймай, көкейкесті мәселелер бойынша пікір алысуға, тіпті шешуге ұйтқы болады. Жиын басталмай жатып, көшбасшылардың бір-бірімен шүйіркелесуі сондықтан. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан мен Тәжікстан көшбасшылары әуелі халықаралық және аймақтық қауіпсіздік жағдайын саралады. Алты елдің ұйқысы тыныш болуына осы ұйым да септігін тизігуде. Демек міндетін абыроймен атқарып келеді. Дегенмен көпшілік жаһан ахуалына алаңдайды. Дүниенің қай түкпірін алсаң да, дүрбелең, шиеленіс, дағдарыс. Дені біздің аймақтан алыс емес. Сондықтан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын толғандырмай қоймайды. Яғни күштерді ортақ мүддеге біріктіріп, қатерлердің алдын алу маңызды. Етек жайған терроризмнің өзі неге тұрарлық?! Ұйымның соңғы жылдары қауіп-қатерлермен бірігіп күресуге бет бұруы содан. Астана ұстанымдарымен үндескен бұл жұмыс Минск төрағалығы кезінде ерекше қарқын алды.